«Әлем» балалар-жасөспірімдер орталығында жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды насихаттау және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында «Талаптыға нұр жауар» ойыны-сайысы болып өтті. Бұл шараға қаламыздың орыс тілді мектептерінің 5 сынып оқушыларынан құрылған топтар қатысты.
Шара қазақ тілінде жүргізіліп, қатысушылар қазақ ұлтынан өзге ұлт өкілдерінің балалары болды. Сайыстың шарты бойынша ойыншылар әр аялдамада әр түрлі тапсырмалар орындады. Алғашқы «Кел, танысайық» аялдамасында әр топ өздерін таныстырып өтті. Келесі «Мұның аты не?» аялдамасының тапсырмасы бойынша ойыншылар ұсынылған сканвордтағы суреттердің атауларын торкөздерге жазса, «Әңгімешіл баламын», «Сөз де құрай аламын» аялдамаларында берілген сөздерден мәтін құрастырып, ұзын сөзден бірнеше қысқа сөздер құрастырды. «Ән шырқайық бәріміз» аялдамасында топпен бірігіп ән шырқап, шараның соңғы тапсырмасы бойынша «Қазақстан-бақытты балалар мекені» тақырыбында коллаж құрастырды.
Сайыскерлерді «Балдырған» вокал тобының жетекшісі Кусайнова Алтынай Хаппасовна, «Талапкер» тілдер орталығының жетекшісі Кунтуган Кульжан, «Мирас» аспапты-вокалды ансамбілінің педагогі Кайрошова Рая Сейдахметовна таразылады.
Қорытындысында І орын «Болашақ» тобына «№19 ЖББОМ»КММ бұйырса, ІІ орынды «Жас дәурен» тобы «№10 ЖББОМ»КММ мен «Бүркіттер» тобы «№20ЖББОМ» КММ иеленді. ІІІ орын «Жас ұлан» тобы «№24ЖББОМ»КММ және «Қазына» тобы «№11ЖББОМ»КММ қанжығаларына байлады.
Сайыскерлер мен оларды дайындаған жетекші мұғалімдерге Теміртау қаласы білім беру бөлімінің мадақтама қағаздары табысталды.
Шараға қатысқан барлық оқушылар мен мұғалімдерге алғысымызды білдіре отырып, шығармашылық табыс, таудай талап, зор денсаулық тілейміз.
Халық шығармашылығы және мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттау жөніндегі әдіскер Бельгибаева Ботагөз Толеубаевна