Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің -25 жылдығын атап өту мерекесі шеңберінде Теміртау қаласының «Әлем» балалар-жасөспірімдер орталығында жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды насихаттау және қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында «Талаптыға нұр жауар» атты аялдамаларға саяхат ойыны өтті. Бұл шараға қаламыздың және Ақтау кентінің 5 сынып оқушыларынан құрылған 11 топ қатысты.
Ойын қазақ тілінде жүргізіліп, қатысушылар қазақ ұлтынан басқа өзге ұлт өкілдерінің балалары болды. Ойынның шарты бойынша ойыншылар саяхат картасында белгіленген аялдамаларда әр түрлі тапсырмалар орындады. Алғашқы аялдамада әр топ әр түрлі үлгіде өздерін таныстырып өтті.
Әр аялдамада қатысушыларды орталықтың қазақ тілінде жұмыс істейтін үйірме жетекшілері мен шәкірттері өз таспырмаларымен тосып алды. Атап айтар болсақ, «Керемет» әдеби-театр студиясы қазақтың ұлттық ойындарын әзірлеп, «Балдәурен» вокал тобы қазақ тілінде әндер айтуды, «Қол өнер» үйірмесі қазақтың ою-өрнектерімен таныстырып, кілемше жасаса, «Антрэ» үлгілі эстрадалық би ансамблі қазақ билерін билетіп, «Талапкер» тілдер үйрету орталығы сөз жинау, сөзжұмбақ шешу ойын тапсырмаларын ойнатты.
Іс-шараның соңғы тапсырмасы бойынша ойынға қатысушылар «Тәуелсіз Қазақстаным» тақырыбында коллаж құрастырды.
Сайыскерлер «Дарындылар», «Өнерлілер», «Талаптылар», «Алғырлар», «Үздіктер», «Шеберлер», «Тапқырлар», «Белсенділер», «Ынталылар», «Ойшылдар», «Бишілер» номинацияларын иеленіп, мақтау қағаздары, тәтті сыйлықтар табысталды. Оқушыларды дайындаған мұғалімдердің де еңбектері ескеріліп, мадақтама қағаздары берілді.
Шараға қатысқан барлық оқушылар мен мұғалімдерге зор денсаулық, шығармашылық табыс, таудай талап тілейміз. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі тұғырлы болып, еліміз өркендей берсін!
Халық шығармашылығы және қазақ тілін дамыту мен насихаттау жөніндегі әдіскер Бельгибаева Ботагөз Толеубаевна