«2015 жыл ұлттық тарихымызды ұлықтау, бүгінгі белестерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы деп есептеу керек», – деген Елбасымыз Н.Назарбаев . Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін бар сән-салтанатымен атап өту мақсатында, биылғы жылы «Әлем» балалар-жасөспірімдер орталығында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі 30 қазан күні өткен «Тарих айдынындағы ірі тұлғалар» атты театрланған көріністер байқауы.
Байқауда орталықтың «Керемет» театрының тәрбиеленушілері (жетекшісі Какибаева Г.К.) Алтын адам, Шыңғыс хан және Керей мен Жәнібектер жайындағы нақтылы деректерге сүйеніп жасалған әзірлеме бойынша көрініс көрсетіп, көрермендерді өнерлерімен тәнті етті.
Байқау барысында қала мектептерінің оқушылары қазақ хандарының, билерінің, батырларының рөлдерін сомдап, өзара бақ сынасты.
Өнерпаздарға Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентің тарихи-мәдени орталығының аға-ғылыми қызметкері Оразымбетов Құрманшәді Ынтықбайұлы, Теміртау тарихи-өлкетану мұражайының директорының орынбасары Алкеева Лейла Сапарғазиевна, Балалар мен жасөспірімдер театрының актері Мукашев Айдар Асқарұлы қазылық жасады.
Қорытындысында І орынды №2 ЖББОМ оқушылар ұжымы (жетекшісі Шайзада Асем), ІІ орынды №4 ЖББОМ (жетекшісі Маут Амангүл), ІІІ орынды №10 ЖББОМ (жетекшілері Миллер А.В.,Седнева Е.В), №17 ЖББОМ (жетекшісі Зинал Алмагүл), №3 ЖББОМ (жетекшілері Тютебеков Б.Х,Евдокименко О.М.) қанжығаларына байлады. Барлық оқушылар мен жетекшілер мадақтама қағаздары және тәтті сыйлықтармен марапатталды.
Адам өткенін жақсы білмей – болашаққа нық қадам баса алмайды. Тәуелсіз ел ретінде өткенімізді зерттеу, бұл күнге қалай келгенімізді, кімдердің арқасында жеткенімізді білу т.б. құнды деректерді игеру болашақ ұрпақ үшін өте маңызды. Осындай мақсаты тереңде жатқан байқауға оқушыларды дайындаған мұғалімдерге шығармашылық табыс, еңбектеріне жеміс тілейміз.
Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі құтты болсын, ағайын! Мәңгілік еліміздің тұғыры биікте болсын!
Халық шығармашылығы және мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттау жөніндегі әдіскер Ботагөз Бельгибаева