Білімді ұрпақ – ел тірегі

 Теміртау қаласының «Әлем» Балалар-жасөспірімдер орталығында  қала мектептері мен Ақтау кентінің 9 сынып оқушылары арасында «Дарабоз» атты зияткерлік  сайыс  өтті.

Екі бөлімнен тұрған сайыстың бірінші кезеңінде жас жеткіншектер елінің тарихына,  тіліне,  рәміздерге деген құрметін,  сүйіспеншілігін көрсете отырып,  өз білім деңгейін, танымдығын көрсетсе, екінші,үшінші кезеңдерде  тапқырлығын, ойының ұшқырлығын, үш тілді (қазақ,орыс,ағылшын) қаншалықты меңгергендігін көрсетуге мүмкіндік туды.

Оқушылардың үй тапсырмасы бойынша  «Қазақ хандығына – 550 жыл» тақырыбына дайындап келген шығармашылық презентациялары өте жоғары деңгейде болды.

Іс-шара барысында ата-баба ерлігі, ұлағаты, өнегелі еңбегі жайында айтылып, сан ғасырлар тарихынан шежіре шертілді.

Аталмыш сайыста  № 2,4,5,15,19,29 орта мектептердің білімқұмар оқушылары бақ сынасты.

Сайыстың жеңімпаздарын анықтауда  «Құрыш қала KZ» газетінің директоры Смағұлов Тілеуберді, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бас әдіскері Жансагимова Асель және  «Нұр Отан» ХДП Теміртау филиалының  бас маманы Козимова Эльмира төрелік жасады.

Әділқазылар шешімі бойынша  І орынды №29 ЖББОМ оқушысы  Кесенжан Бексұлтан, ІІ орынды №19 ЖББОМ оқушысы Дурасов Владислав,  ІІІ орынды №15 ҚМГ оқушысы Кусайн Айгерім иеленді.  №2 ЖББОМ оқушысы Утемуратова Аружан, №5 ҚОМ оқушысы Тусупова Аружан,  №4 ЖББОМ оқушысы Халелова Шынар  белсене қатысқандары үшін мақтау қағаздарымен марапатталды.

Оқушыларды білім нәрімен сусындатып, сайысқа дайындап алып келген аяулы ұстаздардың да еңбектері еленіп, «Алғыс хат» берілді.

Қазылар алқасының  жауабы дайын болғанша сайыскерлеріміздің құрметіне орталықтың «Мирас» және «Балдаурен» вокал топтарының тәрбиеленушілері  ән шашуларын арнады.

Сайыскерлердің бойындағы  білімге құштарлығын, жігері мен  қайратын байқай отырып, Елбасымыздың «Нұрлы жол»- болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Біз ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр» деп, бүгінгі ұрпақтарымызға артқан  зор сенімі мен үлкен үмітін өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз ақтайды деген ойдамын.

Теміртау қаласының «Әлем» БЖО КМҚК-ның халық шығармашылығы және мемлекеттік  тілді  дамыту  мен насихаттау  жөніндегі  әдіскер:  Б.Т.Бельгибаева.