«Керемет» театр студиясының керемет жемісі мен жеңісі

Өнер дегенде ішкен асын жерге қоятын «Керемет» қазақ театр үйірмесінің тәрбиеленушілері 2014 жылдың 22 сәуірінде  «Театрдың ғажайып әлемі» атты облыстық балалар мен жасөспірімдер арасындағы драмалық  театрлар байқауында жеңімпаз атанып, І дәрежелі орынды қанжығаларына  байлап әкелді.

Әрине, бұл «Керемет» қазақ театр үйірмесі үшін алғашқы жеңіс емес. Оның алдында да бұл үйірме Теміртау қаласындағы көптеген мерекелік іс-шараларға қатысып, жыл сайын өткізілетін қалалық театр байқауларында  өздерінің ерекше белсенділіктерін көрсеткен.

 Ал 2009, 2010 жылдары өткізілген қалалық театр үйірмелерінің байқауларында  1 орынға ие болған.

Қарағанды қаласында өткен марапаттау рәсімі тәрбиеленушілер үшін ерекше сезім мен рух сыйлады. Байқауға көптеген қалалардан қатысқан театр үйірмелерінің арасынан облыс бойынша І орынды иемдену- зор қуаныш, зор бақыт! Бұл жеңістің жемісі- Мұқағали Мақатаевтің атақты «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы арқылы келді. Ал әділқазылар алқасына бұл поэма басқа да қырларынан ашылып, қойылымның бастамасы мен аяғына біраз жаңашылдықтар қосылған болатын. Дәл сол жаңашылдықтар поэманың өңін одан сайын ажарландырып, тақырыптың мән-мағынасын, мазмұнын барынша ашып бере алды.

Тәрбиеленушілердің алдына екі таңдау тұрғанда ( Әлем ертегілері мен экология тақырыбы) балалар бірауыздан экология тақырыбын таңдаған болатын. Себебі бұл қазіргі замандағы ең ауқымды, ең қажетті және түйінді  мәселенің бірі. Әсіресе, жастар табиғатты қастерлеу мен аялау, табиғи құндылықтарды пір тұту секілді сезімдерді өз бойларына сіңіріп, барынша сезіне алғандары айрықша қуандырады. Алайда оны сезіну бір бөлек те, көрермендерге сендіріп жеткізе алу, өз қатарластарының жүректерін жібіте алу бір бөлек, қиынның қиыны.

Қойылымда барлық мәселелер көтерілген- қазіргі адамдардың табиғатты аяламауы, жан-жануарларды қорлауы, айналаны тазалықта ұстай алмауы, т.б. Қойылым екі кезеңді сипаттайды- қазіргі оқушылардың табиғат аясында өз-өздерін ұстауы, мұғалімнің «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын оқушыларына баяндап беруі. Қойылымның соңында балалар өз қателіктерін мойындап, ешқашан қайталамауға уәде береді және табиғатты қорлауға енді жол бермейді. Артынан талдар отырғызып, «Туған жер» әнімен бітіреді.

«Керемет» үйірмесінің жас актерлері өз көрермендерді актерлік шеберлікпен қатар, әншілік және бишілік өнермен де тәнті етті. Әсіресе аққулардың нәзік билері баршалардың сезімін баурап алғандай….

Қойылым 40 минут өтіп, көрермендер бір орнында тапжылмай қызыға қарап отырды. Ал көрермендердің қойылымды қызыға қарауы жас актерлер үшін ең үлкен мәртебе!

Жалпы қойылымға әр жас аралығындағы 25 тәрбиеленуші қатысып, үлкен біртұтас жанұядай көрінді. Әр жастағы бала бұл поэманы өзінше сезініп, зор әсер алды. Қойылымда қатысып, ерекше рөлдік шеберлігін көрсете білген тәрбиеленушілер: Алдамұратова Қазына  (ананың рөлі), Ташпулатов Азиз (әкенің рөлі), Жұманиязова Гүлжайна мен Шапатова Сабира ( аққулар), Елеген Әлібек (қатыгез режиссер мен жылқышы рөлдері), Молдабек Мұратби (емшінің рөлі), Ергенова Жанар (Еркетайдың рөлі), т.б.

Осындай «Керемет» театр студиясының керемет жемісі мен жеңісінің бірден-бір айғақтары:

  • І орын
  • «Ең үздік режиссура» марапаттамасы
  • Белсенділік пен жауапкершілік марапаттамасы
  • Жеңістің жемісі болып табылатын- кубок

Театр үйірмесінің жетекшісі- Абдуакитова Ақмарал Әбдісаттарқызы және тәрбиеленушілер   қойылымның сәтті өтуіне зор септігін тигізіп, көмектерін аямаған «Әлем» БЖО-ның басшылығына, музыкант-өңдеуші, қосымша білім беру мекемесінің педагогі- Валентина Викторовна Дроздецкаяға,  суретші- әрлеуші, қосымша білім беру мекемесінің  педагогі-  Людмила Владимировна Рожковаға  шексіз алғыстарын білдіреді!

«Керемет» театр үйірмесінің тәрбиеленушілері алдағы уақытта да өз көрермендерін  асыға күтеді!

«Керемет» театр үйірмесінің жетекшісі,қосымша білім беру педагогі Абдуакитова Ақмарал Әбдісаттарқызы