Тамаша мереке – Астана күні

 

«Әлем» балалар-жасөспірімдер орталығында 6 шілде –Астана күніне орай 1-11 шілде аралығында «Менің – Қазақстаным» атты көрме ұйымдастырылды.

Көрмеге қала мектептерінен қатысқан оқушылардың «Астанам – бас қалам», «Туған жер», «Атамекенім», «Бір шаңырақ астында» атты тақырыптарында салған суреттері көпшіліктің назарына ұсынылды.

Оқушылар өз шығармаларында ұлт рухының құдыретті шарайнасы, мемлекетіміздің биік мәртебесі, жоғары дәрежесі, бақ-берекесі, елдік пен бірліктің тұтқасы, дербестігіміздің дара тумасы астанамыз -Астананың күннен күнге гүлденіп келе жатқанын, өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімдерін, мақтанышын бейнелеген.

Бүгінгі таңда елдің төрі – елордамыз барша ұлт пен ұлыстың басын қосқан бірлік мекеніне айналды. Астана қарыштап дамыған мемлекеттің нышаны, әлеуметтік- экономикалық өсіп-өркендеудің айқын дәлелі. Сарыарқа төсінде қоныс тепкен алып шаһарда әлем елдерінің көшбасшылары бас қосып, пікір алмасады, тарихи маңызы зор шешімдерді қабылдайды. Елдің мақтанышы саналатын көкке ұмтылған бірегей, зәулім ғимараттар жүрегімізді тебірентеді, мерейімізді тасытады. Астана ТМД бойынша ең қолайлы, ғажайып қала ретінде танылды. Бұл біздің ел үшін үлкен жетістік. Жарқын қаламыз одан әрі өркендей берсін. Қуанышқа толы мереке күні халқымызға зор денсаулық, құт-береке, ынтымақтастық, Отанымызда тыныштық болсын деп тілейміз.

 

Халық шығармашылығы және мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттау жөніндегі әдіскер

Ботагөз Бельгибаева