Шын асылды тот баспайды

 10 ақпан күні «Әлем»Балалар –жасөспірімдер орталығында Теміртау қаласы мен Ақтау кенті  оқушыларының арасында  «Есіңе мені алғайсың…» атты ақиық ақын Мұқағали Мақатав пен поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған кеш өтті.

Шараны  ұйымдастырудың мақсаты Мұқағали Мақатаевтың 84 жылдық туған күнін, Фариза Оңғарсынованың қайтыс болғанына 1 жыл толуына байланысты қазақ халқының біртуар тұлғаларын еске алу, оқушылардың мәдени – өнерге деген жалпы көзқарастарын кеңейту.

Кеш барысында оқушылар ақындардың өлеңдеріне жазылған әндерді шырқап, өлеңдерін және арнау өлеңдерін оқып, өзара бақ сынасты.

Дегенмен,  «Жүзден жүйрік озар» демекші  ақындардың өлеңін оқуда  № 17 ЖББО оқушысы Турганбаева Аружан Бас жүлдені, № 9 қазақ-лицейінің оқушысы Маметек Кенжегүл І орынды, № 4 ҚОМ оқушысы Темиров Мухамеджан, №5 ҚОМ оқушысы Кенжебек Жанерке ІІ орынды,  №2 ЖББОМ оқушысы Турымов Мақсат,№4 ҚОМ оқушысы Баатырхан Данагүл ІІІ орынды иеленсе, ақындардың өлеңдеріне жазылған әндерді орындауда №5 ҚОМ оқушысы Каманова Жанель Бас жулдені, №2 ЖББОМ оқушысы Асылбай Келгенбек І орынды, №9 қазақ-лицей оқушысы Жалелова Перизат ІІ орынды, №4 ҚОМ оқушысы Жақсылықова Эльвира , №8 ҚОМ Махсутова Аигерим  және  №4 ҚОМ оқушысы Сыдыков Сакен ІІІ орынды қанжығасына байлады.

Аталмыш шара  сәтті және өте тартымды өтті. Қатысушылар жоғары деңгейде дайындалған.

Айшықты астармен, тартымды тұспалмен, ұтқыр ұйқаспен көмкеріліп, рухани терең тебіреністің өрнекті өзегінен өрбитін көмескіге көзі қырағы  ақындардың оралымды ойлары, күйінішті жан күйзелісі, сүйінішті сырлы сезімі айрықша дарынды, сағыныш сарынды өлмес өлең жолдарынан келісті көрініс тауып, жыр сүйер қауым Мұқағали мен Фариза рухына тағзым етіп, өлеңдері арқылы ақындармен сырласқандай күйде болды.

Жыл керуені алға жылжыған сайын асылдарымыздың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде.  Мұқағали мен Фаризадай перзенті бар халық-шынымен бақытты халық.

 

Халық шығармашылығы және мемлекеттік  тілді дамыту  мен насихаттау  жөніндегі әдіскер: Ботагөз Толеубайқызы Бельгибаева.