Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын,
Жаманның жамандығын айт, құты қашсын,- деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Біз де осы ұлы сөзді ту етіп алып, орталығымыздың абыройын асқақтатып келген, ұлағатты ұстаздың ерен еңбегі жайлы айтпақпыз.
Ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу – кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ. Қиындығы мен қызығы қатар жүрер ұлы жол. Осы жолда кедергілерге мойымай, қандай жағдайдан да жол таба білу керек. Осындай сынақтардан өтіп, өзін жоғары дәрежеде көрсете білген «Әлем» балалар-жасөспірімдер орталығының «Мирас» вокалды- аспаптық ансамблінің жетекшісі Шаймерденова Құралай Жүнісқызы. Бала кезінен қазақтың киелі қара домбырасымен ән шырқауға әуес болып өскен Құралай апай аңсаған арманына жетіп, тек қана ән айтып қоймай өзі де ән шығарып, сүйікті ісінің биік белестерін бағындыра білді. Өз білетіндерін күні бүгінге дейін шәкірттеріне үйретуге ат салысып жүргеніне бірталай жылдар өтті.
Жүйткіген уақыт ешкімге жеткізер емес… Құралай апайымыз зейнеткерлік демалыста. Әйтсе де бойынан сол бір жастық жігердің ұшқыны жылдар өтсе де әлі де сөнбегенін сөзбен емес, нақты істер арқылы көрсетуде. Ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден оны ерекшелендіреді. Оның қайсар мінезі, қазақи ақжарқындығы мен қызметіне деген адалдығы жас мамандар үшін үлгі боларлық.
Жан жылуын, бар өнерін, білімін баланың бойына сіңіріп, әр шәкіртінің бойындағы дарынын аша біліп, өмірде өз орнын таба білуге зор үлес қосатын мейірбан нәзік жүректі ұстаздың ұйымдастыруымен құрылған «Мирас» вокалды- аспаптық ансамбліне 35 жыл толып отыр. «Мирас» ансамбілінің түлектері Қазақстанның түпкір түпкірінде ұстазының жолын қуып, өнер жолында еңбек етуде.
“Бұлақ көрсең, көзін аш” демекші, қаншама дарынды жастардың өнер айдынына еркін қанат қағып, самғау биігіне көтерілуіне дем беріп, ақыл-кеңесін берген ұстаз әр кезде өнерлі де өрелі Бағлан Бәбіжан, Жанна Хасенова , Қуаныш Хасенова, Гүлмира Тапай, Понти Жорабеков, Немере Монғолхан, Асылбек Хавай, Уаш Темірбек, Әлібек Алпысбаев т. б шәкірттерін үнемі мақтан тұтады.
Рухы таза, ой – өрісі биік, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жарататын, жүрегі жылы, көңілі дарқан Құралай апайға зор денсаулық, қажымас қайрат және шәкірт тәрбиелеуде қанаты талмасын деп тілейміз.
Халық шығармашылығы және мемлекетті тілді дамыту мен насихаттау жөніндегі әдіскер
Бельгибаева Ботагөз Толеубаевна