Абай тұлғасы-мәңгілік тұлға

Көзі ашық, көкірегі ояу, саналы азамат Абай атамыздың туындыларын нәр ала оқиды. Абай атамыз өзінің ұшқыр ойымен бүкіл халқымыздың жүрегінен орын ала білді.

Ұлы ақын, данышпан дана, ғұлама, қазақты әлемге танытты.

Теміртау қаласының «Әлем» балалар-жасөспірімдер орталығында кемеңгер ақынның 170 жылдығына арналған іс-шаралар  өзіндік үйлесім табуда. Соның  бірі жуырда өткен қалалық «Абай –дара, Абай -дана» шығарма байқауы. Байқауға қаламыздың және Ақтау кентінің  оқушылары ат салыса қатысып, дана ақын жайында өз білімдерін, жүректегі сезімдерін  қағаз бетіне түсіре отырып, ақынның  болашақ ұрпақтың өнегелі тәрбиешісі, асқар тау, ағар бұлағы, қасиетті ана тілінің шешендік бастауы екенін тағы да бір дәлелдегендей болды.

Аталмыш байқауда №15 қазақ-гимназиясының оқушысы Байдулаев Серғазының, №29 ЖББОМ Баятхан Индираның және №2 ЖББОМ Утемуратова Аружанның жазған шығарма жұмыстары үздік деп танылды.

Абай лебі, Абай үні, Абайдың тынысы – бүгінде теңдік алып, дербес ел атанған, басқа елдермен терезесі тең болған, кең байтақ Қазақстанның, қазақ халқының тынысы. «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп ақынның өзі айтып кеткендей, Абай бүгін жарқын бейнесімен, жалынды жырымен, нақыл сөздерімен де бізбен бірге жасасып келеді. Өйткені Абай дана – Абай дара қазақта.

Халық шығармашылығы және мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттау жөніндегі әдіскер Ботагөз Бельгибаева