Бірлік түбі – береке

 «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл»  толуына орай Теміртау қаласының «Әлем» Балалар-жасөспірімдер орталығында  жас ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, ұлтаралық татулыққа,  ынтымақтастыққа тәрбиелей отырып, ұлттық құндылықтарды насихаттау және қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында «Талаптыға нұр жауар» атты аялдамаларға саяхат ойын-сайысы болып өтті. Бұл шараға қаламыздың және Ақтау кентінің 5 сынып оқушыларынан құрылған  8 топ қатысты.

Ойын-сайыстың шарты бойынша шара қазақ тілінде жүргізілді.  Ал қатысушылар қазақ ұлтынан басқа ұлт өкілдерінің балалары болды.

Ойын барысында әр топ өздерін таныстырғаннан кейін саяхат картасы таратылды. Әр  аялдамада қатысушыларды орталықтың қазақ тілінде  жұмыс істейтін  үйірме жетекшілері мен  шәкірттері өз таспырмаларымен тосып алды.

Атап айтар болсақ,  «Керемет» театр үйірмесі қазақтың ұлттық ойындарын, «Мирас» вокал тобы қазақ тілінде караокемен әндер айтуды, «Жас тілші» баспасөз орталығы  қазақша мақалды жалғастырып, орысша жұмбақтың шешуін қазақшаға аударттып,  «Өнер» қол өнер үйірмесі қазақтың ою-өрнектерімен таныстырып, кілемше жасатса, «Арай» қазақ тілі үйірмесі сөздерден сөйлем құрау, сөз жинау, сөзжұмбақ шешу ойын тапсырмаларын ойнатты.

Ойын-сайыстың соңғы тапсырмасы бойынша ойынға қатысушылар  «Менің Қазақстаным» тақырыбында  коллаж  құрастырды.

Сайыскерлер «Үздік топ», «Өнерлі топ», «Шығармашыл топ», «Білімді топ», «Талапты топ», «Алғыр топ», «Тапқыр топ», «Ойшыл топ» номинацияларын иеленіп, жетекші мұғалімдер мақтау қағаздарымен марапатталды.

Шараға қатысқан барлық оқушылар мен мұғалімдерге зор денсаулық, шығармашылық табыс, таудай талап тілей отырып, алғысымызды білдіреміз.

Халық шығармашылығы және қазақ тілін дамыту мен насихаттау жөніндегі әдіскер Бельгибаева Ботагөз Толеубаевна