«Әлем» Балалар жасөспірімдер орталығының сахнасында  – кішкентай ханшайымдар

 Теміртау  қ. «Әлем» Балалар мен жасөспірімдер орталығында 1-4 бастауыш сынып қыз балаларының арасында «Маленькая Фея-2014» атты байқауы өтті.

Балғын қыз балаларды өнерге бейімдеуге, тіл байлықтарын байыту және өз бойындағы шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған сайысқа  7  бүлдіршін ару қатысып, бақ сынасты.


Аталмыш  байқауға  қаламыздағы №1,2,5,17,19,21,28 мектептері атсалыса  қатысты.

Білім және өнер саласының білгір мамандары байқауға қазылық жасады.

Кішкентай арулар «Өзін-өзі таныстыру», «Ғаламшарлар мен шоқжұлдыздар», «Мен өзім» , «Менің жұлдызды сәтім»  атты бөлімдерде  бар  өнерлерін ортаға  салды.


Сахна төріне көтерілген балдырғандардың киімдері  бірінен-бірі өтеді. Олардың өнерлері де таңдай қақтырарлық болды. Көптің көңілін көтеріп, өнерлерімен, жарқын күлкілерімен баршаны мәз қылды.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші «АЯН м» сүт өндіруші зауыт өз өнімдерімен ал, «VIKTORIA tour» туристік агенттігі  қаржылай  демеушілік  көмек көрсетуінің арқасында байқауға қатысқан барлық бала марапатсыз, сыйлықсыз қалған жоқ.


Аталмыш байқауда екі балғын қыз жеңімпаз атанды. Олар: Бахтыбаева Аружан  Ғ.Мұстафин атындағы № 5 қазақ  мектебінің  оқушысы және Лисиченко Виолетта  №1 орта  мектептің  оқушысы.

Шынуар  Сабина  №17 ЖББОМ оқушысы  «Фея Модница», Сайфулин Мөлдір №28  ЖББОМ оқушысы «Фея Грация», Корепанова Лиза №21 ЖББОМ  оқушысы  «Фея Очаравание», Райым Еркеназ №2 ЖББОМ оқушысы «Фея Улыбка», Пехотина Лейла №19 ЖББОМ  оқушысы «Фея Нежность»  атақтарына  ие болды.


Байқау жеңімпаздары жалпы ұлттық қозғалыс «Қазақстан – 2050» ұйымдастыруымен  Республикалық деңгейде  өтетін    «Маленькая мисс «Казахстан – 2050» байқауына қатысуға жолдама алды.

 Ботагөз Бельгибаева

«Әлем» БЖО халық шығармашылығы және мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі әдіскері