Рақымжан Қошқарбаев (1924-1988 жж.) – Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық қаһарманы. Ол Ақмола облысының Астанаға жақын орналасқан Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген. 4 жасында анасы дүниеден өтіп, әкесі жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлерінде болды. Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, осы арадан Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне (ФЗУ) жіберілді. Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, Жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды. 1947-67 ж. Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор, 1967 жылдан «Алматы» қонақ үйінің директоры болды. Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. 1988 ж. 10 тамызда Алматы қаласында қайтыс болды.