Жігіттің түсін айтпа, ісін айт

2016 жылдың 18 наурызында Теміртау қаласының білім беру бөлімі мен «Әлем» балалар-жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен қаламыздың және Ақтау кентінің 9-11 сыныптарының ер балаларының арасында «Жігіт сұлтаны – 2016» байқауы болып өтті.

Байқауда жігіттер төрт кезең бойынша әр түрлі сынақтардан өтті.

«Сегіз қырлы бір сырлы» атты бірінші кезеңде қатысушылар өздерін түрлі жанрда таныстырса, екінші кезең «Жігітке жеті өнер де аз» деп аталып, қатысушылар өз өнерлерін көрсетті. Өнер көрсетуде жігіттер бірінен-бірі асып түсіп жатты. №1 болып өнер көрсеткен «№5 ҚОМ» КММ оқушысы Халиков Бердибек М.Шахановтың «Айша жеңгей» атты шығармасынан монолог оқып, жанкүйерлерімен бірге Ұлы Отан соғысы кезеңін жұртшылықтың көз алдына елестетсе, №2 сайыскер «№17 ЖББОМ»КММ оқушысы Әнет Бауыржан қазақтың қара домбырасымен әсем ән орындап берді. №3 сайыскер « №29ЖББОМ» КММ оқушысы Куйчибаев Алмат «Жетімхана» монологін оқып көрермендердің көзіне жас үйіртіп, қазіргі заманның өзекті мәселесін қозғаса, артынша №4 сайыскер «№2 ЖББОМ» КММ оқушысы Садирханов Алмат гитарамен ән шырқап көрермендерді терең ойдан алып шығып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. №5 сайыскер «№27 ЖББОМ»КММ оқушысы Шаталов Дмитрий М.Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін мәнерлеп, нақышына келтіріп оқып берді. №6 сайыскер «№8 ЖББОМ»КММ оқушысы Алимхан Дархан жанкүйерлерімен бірге КВН көріністерін көрсетіп, жұртшылыққа күміс күлкі сыйлап, езу тарттырды. №7 болып шыққан «№4 ЖББОМ»КММ оқушысы Темиров Мұхамеджан М.Мақатаевтың «Жоқ дәрігер!» өлеңін оқып қана қоймай оның шығу тарихын жанкүйерлерімен бірге сахналап, ақиық ақынның бейнесін сомдап, өнерімен көрермендерді таң қалдырды.

Үшінші кезең «Салт- дәстүр асыл қазына» деп аталып, сайыскерлер қазақтың салт –дәстүрлері бойынша сұрақтарға жауап беріп,өз білімдерін ортаға салды.

Төртінші кезеңнің шарты бойынша барлық сайыскерлер сахнада өз жұптарымен «Қаражорға» биін билеп, биді билеу барысында әр жұп ерекшеленіп бидің жеке элементін көрсету талап етілді. Мұнда да сайыскерлер өздерінің жоғары дәрежеде дайындалып келгендерін көрсетіп, көрермендер мен әділқазыларға ерекше көңіл күй сыйлап, таң қалдырды.

Арландай, тарландай, талапты бозбалалардың өнерін Теміртау қаласының білім беру бөлімінің әдіскерлері Утегалиева Нургуль Қайыржановна, Бисолтанов Еркін Каукенович, мәдениет және тілдерді дамыту орталығының маманы Рымғалиева Құралай Рымғалиқызы, «Әлем» балалар-жасөспірімдер орталығының «Мирас» ансамбілінің жетекшісі Шаймерденова Құралай Жүнісовна, Теміртау қаласы 55-16 әскери бөлімінің бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасарының аға көмекшісі Жамалиев Тәуекел Серікұлы таразылады.

Қазылардың шешімі бойынша «№4 ЖББОМ»КММ оқушысы Темиров Мұхамеджан «Бас жүлдені», №29ЖББОМ» КММ оқушысы Куйчибаев Алмат І орынды, «№5 ҚОМ» КММ оқушысы Халиков Бердибек пен «№2 ЖББОМ» КММ оқушысы Садирханов Алмат ІІ орынды, «№17 ЖББОМ»КММ оқушысы Әнет Бауыржан, «№27 ЖББОМ»КММ оқушысы Шаталов Дмитрий, «№8 ЖББОМ»КММ оқушысы Алимхан Дархан ІІІ орынды қанжығаларына байлады.

Байқаудың соныңда қатысушылар мен оқушыларды дайындаған мұғалімдер Теміртау қаласының білім беру бөлімінің мадақтама қағаздарымен марапатталды.

Теміртау қаласының «Әлем» БЖО МКҚК-ның халық шығармашылығы

және мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттау жөніндегі әдіскері: Б.Т.Бельгибаева