«Мирас» аспапты-вокалдық ансамбліне 35 жыл

«Әлем» балалар-жасөспірімдер орталығында 16 мамыр күні «Бір үйдің баласындай» атты «Мирас» аспапты-вокалдық ансамблінің 35- жылдық мерей тойы мен осы ансамбілдің жетекшісі Шаймерденова Құралай Жунусовнаның туған күніне арналған шығармашылық кеш жоғары деңгейде болып өтті.

Мерекелік кеш «Әлем» балалар-жасөспірімдер орталығының директоры Тихомирова Инна Анатольевнаның құттықтау сөзімен басталды.

Әуезді әнмен әуелеген екі бөлімді мерейлі кештің бірінші бөлімінде ансамблдің қазіргі таңдағы тәрбиеленушілерімен дайындалған концерттік бағдарлама ұсынылса, екінші бөлімінде арнайы шақырылған қонақтар мен түлектер өз жылы лебіздері мен игі тілектерін білдіріп, ән шашуларын жолдады.

Өнерпаздар жиналған жұртшылықтың жүрек қылын шертер әсем әндерін тамылжыта шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш соңында тәрбиеленушілердің ата-аналарының ұйымдастыруымен мерекелік торт сахна төрінен орын алды.

Құралай апайға зор денсаулық, қажымас қайрат тілей отырып, еңбегіңіздің зейнетін ұзағынан көріп, халқыңыздың құрмет-қошеметіне бөлене беріңіз демекпіз.

Халық шығармашылығы және мемлекетті тілді дамыту мен насихаттау жөніндегі әдіскер

Бельгибаева Ботагөз Толеубаевна